Мен, Әмірбеков Рүстем Мейрамбекұлы, 20.03.2000ж Қостанай обл, Арқалық қаласында дүниеге келдім. Жастайымнан өмірге ерекше құмар болдым. Бір нәрсе жасап көру, жаңа дүниені зерттеу, қандай іске қызығуға болатынын іздеу — осындай ойлар мені жиі мазалайтын. Өзімді спортта да, өнерде де, шығармашылықта да сынап көріп, бар ынтаммен атсалысатынмын. Қызығушылығым кең, әр салада өз орнымды табуға тырыстым.
2019 жылы КГКП "Аркалыкский политехническийколледжі" 2023 жылы “Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжі” үздік аяқтап, “Қазақ ұлттық хореография академиясы” университетінің “Балетмейстерлік өнері” факультетіне оқуға түстім. Оқу барысында ғылыми конференцияларға, студенттік жобаларға және университеттің қоғамдық өміріне белсенді қатыстым. Сонымен қатар, мәдени іс-шараларды ұйымдастыруға атсалысып, шығармашылық қабілетімді көрсете білдім. Театрлық-хореографиялық қойылымдарда режиссерлік міндеттерді атқарып, студенттерді біріктіре отырып, дайындық процесін толықтай ұйымдастырдым. Академия қабырғасында өткізілген концерттер мен фестивальдерге белсенді қатысып, бірнеше халықаралық байқауларда жүлделі орындарға ие болдым. Бұл тәжірибелер менің көшбасшылық, шығармашылық және ұйымдастырушылық қабілеттерімді дамытуға үлкен үлес қосты.
2025 жылы академиялық мобильділік бағдарламасы аясында Қазақ ұлттық хореография академиясынан Ресейдегі ГИТИС (Ресей театр өнері институты) оқу орнына барып, білімімді жалғастыру мүмкіндігіне ие болдым. Бұл тәжірибе менің кәсіби және тұлғалық дамуыма жаңа серпін беріп, халықаралық деңгейде шығармашылық қабілеттерімді шыңдауға жол ашты.
2023 жылы оқуымды жалғастыра отырып, «Казақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымында жұмыс істедім. Шығармашылық жобаларға белсене қатысып, сахналық мәдениетті тереңірек түсінуге мүмкіндік алдым. «Туран» этно-фольклорлық ансамбльімен қатар, «Астана сазы» фольклорлық ансамблі, «Наз» мемлекеттік би театры, «Сазген сазы» және «Халық Kazyna» сияқты ұжымдармен бірлесіп түрлі концерттік бағдарламаларға қатыстым. Бұл ұжымдармен бірге жұмыс істеу маған ұлттық өнердің тереңдігін сезінуге, әртүрлі стильдер мен бағыттарды меңгеруге жол ашты.
Тағы да басқа шығармашылық топтармен бірге мен «Көшпенділердің дүниежүзілік ойындары» (Всемирные игры кочевников) халықаралық жобасына қатысып, Қазақстанның мәдени мұрасын әлемдік сахнада танытуға өз үлесімді қостым. Бұл іс-шарада мен хореографиялық қойылымдарға қатысып қана қоймай, ұйымдастыру және сахналық үйлестіру жұмыстарында да белсенділік таныттым. Осы тәжірибе менің шығармашылық, ұйымдастырушылық және командалық жұмыс қабілеттерімді одан әрі шыңдады.
Бос уақытымда скрипкада ойнауды үйренгенді ұнатамын, шахмат ойнау мен волейболмен шұғылданамын. Мамандығыма байланысты әдеби және кәсіби кітаптарды оқып, спектакльдер тамашалау, көркем галереяларды аралау — менің рухани дамуыма ықпал ететін сүйікті істерім. Сонымен қатар, хореографиялық қойылымдар мен спектакльдер жасау, олар үшін бутафория дайындау — менің шығармашылық шабыт көзім. Мифология, тарих және түрлі мәдениеттерді зерттеу арқылы мен сахналық образдар мен идеяларды тереңірек түсініп, көркемдік шешімдерімді байыта түсемін. Қазіргі уақытта Астана қаласында тұрамын. «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының «Гүлдер» ансамблінде шығармашылық қызмет атқарамын. Сонымен қатар, өзімнің жеке би студиям — ИП «Оң қадам» жобасын дамытып келемін. Бұл студияны ашудағы басты мақсатым — ұлттық және заманауи хореографияны үйлестіре отырып, жастардың шығармашылық әлеуетін дамыту, би өнері арқылы өзін-өзі тануға, еркін ойлауға және мәдени мұраны бағалауға жол ашу.
Осы жетістіктерім мен шығармашылық жолым — менің жанымда әрдайым қолдау көрсеткен адамдардың арқасы. Бұл — маған сенім артқан және бағыт берген ата-анам, білім мен тәрбие берген ұстаздарым, шабыт сыйлаған достарым мен әріптестерім. Олар менің әрбір қадамымды қолдап, қиын сәттерде демеу болып, шығармашылық жолымды жалғастыруға күш берді. Бүгінгі күні де сол адамдардың сенімі мен қолдауы мені жаңа биіктерге жетелеп келеді.

Форма арқылы өтініш жіберіңіз: не қызықтыратынын жазыңыз, біз сізбен ыңғайлы түрде байланысамыз.